Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл қаласының тұрғыны бір сағаттың ішінде Ақтөбеден сатып алған көлігін тіркеді

Петропавл қаласының тұрғыны бір сағаттың ішінде Ақтөбеден сатып алған көлігін тіркеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында 1 маусымнан бастап Армения Республикасынан әкелінген 245 автомобиль, оның ішінде соңғы күні тоғызы тіркелді. 26 тамыздан бастап солтүстікқазақстандық полицейлер Армения Республикасынан әкелінген автомобильдердің иелері арасында түсіндіру жұмыстарын жандандырды. “Жолда қабылдау” акциясы аясында Петропавлда және облыстың барлық 13 ауданында санитарлық нормаларға сәйкес, оннан астам мобильді пункт жұмыс жүргізді.

Акцияға облыс орталығында Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы мен жергілікті полиция қызметінің басшылығы қатысты. Күні бойы азаматтарды Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында, сондай-ақ Жамбыл көшесіндегі ірі техникалық қызмет көрсету станциясының аумағында қабылдады. Таңертең Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында кезекшіліктегі полиция қызметкерлеріне Петропавл қаласының тұрғыны Марина Усенко жүгінді. Күйеуі оған армян нөмірімен Ақтөбе қаласында сатып алған MINI Cooper көлігін сыйға тартқан. Көлікті заңдастыру үшін қала тұрғыны арнайы орталыққа жүгінеді. Бір сағаттың ішінде құжаттар ретке келтіріліп, Марина Усенко қолына сары нөмірін алды. Ол мемлекеттік органдардың жылдам әрі сапалы жасаған жұмысына таң қалды.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, тамыздағы акцияның басты бағыты – интернет арқылы онлайн-кеңес беру болып табылады. Әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер өткізіліп, желі қолданушылары сұрақтарын жазып, қойған сұрақтарына бірден жауап алды. CALL орталық пен мессенджердегі “тікелей желі” қатар жұмыс істеді. Жолда қабылдаудың бірінші күнінде солтүстікқазақстандық полицейлерге 103 сұрақ түсті. Олар негізінен көлік құралдарын тіркеу тәртібі, көші-қон қызметі және жол қауіпсіздігі туралы болды.

Акцияның екінші күні полицейлер азаматтарды Партизанская көшесі, 101 мекенжайы бойынша және Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығығында қабылдайды, сонымен қатар ведомствоның “Facebook” және “Instagram”-дағы ресми аккаунттарында онлайн-кеңес береді. Жыл басынан бері “Жолда қабылдау” акциясы алтыншы рет өтіп отыр. Алдыңғы кезеңдердің нәтижесі бойынша полицейлер 1600-ден астам түрлі сұрақтарға жауап берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру