Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл тұрғыны мотороллерін тауып берген полицейлерге алғысын білдірді

Петропавл тұрғыны ұрланған мотороллерін тауып берген полицейлерге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны бөтен азамат қолды еткен мотороллерін тауып берген полиция қызметкерлеріне алғысын жаудырды.

– Денсаулығыма байланысты жүріп-тұру қиын болғандықтан, бұл мен үшін маңызды қозғалыс құралы. Шын жүректен Петропавл қаласы ПБ анықтау бөлімінің бастығы Үмідбек Фархадовқа, осы бөлімнің қызметкерлері Жәмиля Сапарғалиеваға, Бахтияр Сәдуақасовқа, криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері Ернар Бегайдаровқа, Сырым Айтмұқановқа алғысымды айтамын, – деп жазған Instagram әлеуметтік желісінде.

Мамыр айының басында қала тұрғыны жөндеуді қажет ететін көлік құралын көпқабатты үйдің ауласында қойып кеткен. Таңертең “темір тұлпарын” таппай қалып, бірден полицияға хабарласқан. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары осындай қылмыстар жасағаны үшін бұрын істі болған қала тұрғындарын тексерді. Көп ұзамай осы қылмысқа қатысы бар 27 жастағы петропавлдық анықталып, жоғалған мүлік тәркіленді. Көлік сол күні иесіне қайтарылды.

Полицейлер мопедтер, скутерлер мен велосипедтердің иелеріне мүлікке жауапты қарауға кеңес береді. Қос дөңгелекті шағын көлік құралдарын қараусыз қалдыруға болмайды. Оларды айдап кетуге қарсы құралдармен бекітіп, бейнекамералар бар орындарға қою қажет. Сондай-ақ тәртіп сақшылары көппәтерлі үйлердің аулаларына бейнебақылау жүйесін орнатуға кеңес береді. Өйткені, бұл – қылмыстардың алдын алуда және оларды ашудағы тиімді құрал.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру