Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда терезеде ойнап отырған балалар жайлы полицияға хабарлаған

Петропавлда терезеде ойнап отырған балалар жайлы полицияға хабарлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Балалар терезеден құлап кетуі мүмкін деп, Петропавл тұрғыны “102” арнасына қоңырау шалған. Кешіктірілмей Уәлиханов көшесіндегі үйге ювеналдық полиция инспекторы жіберілді. Үйде жас шамасы сегіздердегі екі бала болғаны және бірінің үлкен апасы екеуін қадағалап отырғаны анықталды. Полиция лейтенанты Камила Конваеваның айтуынша, апасы егде жастағы көршісі өзін нашар сезінуіне байланысты “жедел жәрдемнің” келуін күтіп, подъезде болғанын түсіндірген. Ал сол уақытта балалар терезеге шығып, оны ашқан. Бүлдіршіндердің өміріне алаң болған қарсы жақтағы үйдің біріндегі көршісі “102” нөміріне хабарлаған.Полиция келгенше балалар терезеден түсіп, қауіпсіз жерде болған. Олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Сонымен қатар, үйдегі жасы үлкен балаларға да қауіпсіздік шаралары туралы түсіндірілді.

– Балалардан не күтеріңді білмейсің. Әр түрлі жағдай болады. Мектептерде жолдардағы, су қоймаларындағы қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру әңгімелерін өткіземіз. Баланың терезеде ойнауы аса алаңдатушылық туғызады, – дей келе ювеналдық полиция бастығы Эльмира Абушева жауапкершілік танытқан қала тұрғынына өз алғысын білдірді.


Полиция қызметкерлерінің тәжірибесінде ата-аналары дүкенге немесе жақын маңдағы жерге барып келуі үшін ұйықтап жатқан балаларын қараусыз қалдырып, келген уақытта үрей туғызған оқиғалардың орын алған жағдайлары да кездеседі. Өткен аптада Жамбыл көшесіндегі үйден полицияға қоңырау келіп түскен. Әйел екі жастағы баласын аз уақытқа қараусыз қалдырған. Оянған бала есікті іштен жауып алған. Тағы бір жағдай осы жазда орын алған, ұйқыдан оянған бала терезеден басын шығарып анасын іздеп шақырған болатын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру