Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлдың ювеналдық полициясында 39 отбасы есепте тұр

Петропавлдың ювеналдық полициясында 39 отбасы есепте тұр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавлдың ювеналдық полицейлері апта сайын рейдтік іс-шаралар өткізіп тұрады. Жасөспірімдер жиналуы мүмкін орындар, қараусыз қалған үйлер мен жертөлелер, ойын-сауық орындары мен қала көшелері полицейлердің басты назарында. Мұндағы мақсат – жасөспірімдермен және оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқық бұзушылықтардың жасалуына жағдай жасайтын негізгі себеп – балалардың қараусыздығымен күресу.

2022 жылы облыс орталығының полицейлері 167 рейд өткізді. 1041 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішіндегі 669 адам — кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде болуына жол берген заңды өкілдер.

Балалардың тәрбиесіне теріс әсер ететін қолайсыз отбасыларға ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта Петропавлда ювеналдық полицияда 39 отбасы есепте тұр. Өткен жылы 27 отбасыға қатысты материалдар тәртіп сақшыларының бастамасымен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның отырыстарында қаралды.

– Комиссия ата-аналарға қойылатын талаптарды белгілейді, мысалы, балаларға қолайлы санитарлық жағдай жасау, жұмыс табу, спирттік ішімдіктерді доғару. Бұндай шаралардың тиімділігі жоғары. Бір жыл ішінде 46 ата-ана ювеналдық полицияға есепке қойылды, 55-і – тәртіптері түзелуіне байланысты есептен шығарылды, – дейді Петропавл қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садулов.

Кей жағдайларда полицейлер жасөспірімдерді арнайы білім беру ұйымына жіберуге мәжбүр болады. Петропавлда 12 айдың ішінде сотпен төрт жасөспірімді осындай білім беру мекемесіне жіберу туралы шешім қабылданды. Оның ішінде 16 және 17 жастағы екі апалы-сіңлілі қыздар да бар. Олар бірнеше рет үйден кетіп, заңды өкілдердің, тәрбиешілер мен психологтардың әрекеттерін елемеген. Қазіргі уақытта әпкелердің кенжесі арнайы ұйымнан оралды, оқуын қолға алды. Өзін жанжалдардан аулақ ұстауға тырысуда.

– Отбасылардағы әл-ауқаттың қалпына келуіне ықпал ету — бұл ювеналдық полиция жұмысының түпкі мақсаты, – деп атап өтті Рустам Садулов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру