Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлдық полицейлер “Учаске” іс-шарасының үш айында 41 мыңнан астам үйді тексерді

Петропавлдық полицейлер “Учаске” іс-шарасының үш айында 41 мыңнан астам үйге барып қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавлдық полицейлер “Учаске” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады. Іс-шара қыркүйектің 1-і мен желтоқсанның 1-і аралығында өткізіліп, 91 күнге созылды. Үш айда қалалық учаскелік инспекторлар мен ювеналдық полицейлер облыс орталығындағы 41 мыңнан астам үйге барып қайтты.

“Учаске” іс-шарасының басты мақсаты – азаматтармен танысып, олармен сенімді қарым-қатынас орнату, қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту және жолын кесу. Жылыту маусымы келісімен учаскелік инспекторлардан, ювеналдық және патрульдік полицейлерден бөлек жеке сектордағы рейдтік іс-шараларға басқа да ведомстволардың қызметкерлері қатысты.

Әсіресе, төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, қаланың шеткері аудандарында бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Өртпен және тұншықтырғыш газбен байланысты оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында сақшылар мен төтенше жағдай қызметкерлері көп балалы отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедектерге бас сұқты. Өртке қарсы қызмет қызметкерлері парақшалар мен жадынамалар таратып, полицейлер кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуге қатысты кеңестерін айтты, отбасылардағы жағдаймен танысты. Осындай бірлескен рейдтер жылыту маусымының соңына дейін өткізілмек.Петропавл қ. ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, “Учаске” іс-шарасының 91 күнінде қалалық полицияның есебінде тұрған 4118 адам тексерілді.

Оның 668-і – қолайсыз отбасылар. Бұдан бөлек, іс-шара кезінде азаматтық қарулары бар 2437 адам тексеріске ілікті. “Учаске” іс-шарасы шеңберінде 15 мыңнан астам түрлі сипаттағы құқық бұзушылық анықталды. Мекенжайларда тиісті тіркеусіз немесе жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру, алкогольді ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде болу, абаттандыру ережелерін бұзу сияқты ереже бұзушылықтар жиі тіркелген. Сондай-ақ, әдеттегідей үш айлық іс-шара кезінде полицейлер учаскелік полиция инспекторларының байланыс нөмірлері, олар туралы мәліметтер көрсетілген визиткалар таратты, қыркүйек айында Instagram әлеуметтік желісінде 13 аккаунт ашты. Мұнда тұрғындар кез келген уақытта көкейіндегі сауалдарын жазып, жүгіне алады. Ал, учаскелік инспекторлар оны қарастырып, жауап береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру