Полицейлер жолда қиын жағдайға тап болған шетелдік жүргізушіге көмектесті
Қостанай облысының полицейлері қолайсыз ауа райында жолда қиын жағдайға тап болған шетелдік жүргізушіге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай – Қарабұтақ тасжолында қолайсыз ауа-райы жағдайында полицейлер көлігінен ақау шыққан Қырғызстаннан келген ауыр жүк көлігінің жүргізушісіне көмек көрсетті. Оқиға Байшуақ ауылының маңында болған.
Жүргізуші көліктің тежегіш жүйесі қатып қалғанын және әрі қарай жүре алмайтынын айтты. Инспекторлар Рауан Нұршатаев пен Еркебұлан Сағынтаев жағдайды бірден түсінді, өйткені қазақ және қырғыз тілдерінде ұқсас сөздер бар. Жүргізушіге көмектесу үшін полицейлер Байшуқтан жылыту шамдарын әкеліп, жүк көлігінің алдыңғы жағын жамылғымен жауып тастады. Олар тежегіштерді жылытып, жөндеуге көмектесті.
Жүргізуші тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, Челябі қаласына сапарын жалғастырды.