Полиция қызметкерлері 105 жастағы кейуанаға әлеуметтік көмек көрсетті
Екі ғасырдың куәгері шымкенттік полицейлерге ақ батасын берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қайырымдылық әр адамның қолынан келеді. Тек жақсылық жасауға асығатын таза ниетті адамдар болса жеткілікті. Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданы Полиция басқармасы Анықтау бөлімінің қызметкерлері Шымкент қаласында тұратын 105 жастағы кейуанаға әлеуметтік көмек көрсетті. Екі ғасырдың куәгері Ширин Абдуаллиева 01 қаңтар 1915 жылы туған. Қазіргі таңда карантиндік шектеулерге байланысты адамдар жиі шоғырланатын орындарға бару қауіпті. Осы себепті жүріп-тұруы қиын қарт әжейдің үйіне Анықтау бөлімінің қызметкерлері арнайы барып, әлеуметтік азық-түлік себетін, тұрмысқа қажетті ұн, ақ май, қант, жеміс-жидек және қой алып барып берді. Қайырымдылық көмек көрсеткен полицейлер осылайша 105 жастағы әжейдің ақ батасын алып, алғысына бөленді.
Айта кетейік, кейуананың ұлы да құқық қорғау саласында абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.
Бұрынғы әріптесінің отбасына қолдау білдіріп, қамқорлық танытқан полицейлер қарттарға құрмет көрсету біздің бойға сіңген қасиет әрі барлық қоғам мүшелерінің ортақ парызы деп біледі.