Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қайрымдылық шарасы жалғасуда

ІІМ Көліктегі полиция департаменті Қызылорда станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері қайрымдылық шарасын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шара барысында сақшылар әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетті. Карантин кезінде ұйымдастырылған қайырымдылық аясында көлік полицейлері көмекке мұқтаж отбасыларға түрлі азық-түліктер таратты.
Олар ең алдымен көлік полициясында қызмет етіп, қайтыс болған әріптестерінің, бұдан соң 10 баланы өмірге әкелген “Алтын алқа” иегерінің, сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған 6 балалы ананың шаңырақтарына арнайы барды.

“Жолдасым қайтыс болғалы, 4 баламды бағып-қағып өсіріп келе жатқан анамын. Бүгінде елде орын алған қиын-қыстау шақта азық-түлік әкеліп, көмек көрсетіп жатқандарыңызға ризашылығымды білдіремін”,-дейді, Алия Шаханова. Алияның айтуынша, төрт баланы ішер ас, киер киіммен толық қамту жалғыз басты анаға оңай соғып отырған жоқ.

Сондықтан полицейлер тарапынан көрсетіліп жатқан бұл қолдаудың өзі үлкен көмек.

“Қоғамда қашан да келеңсіз оқиғалардың алдын алып жүретін полицейлердің мәдениеті, білім-біліктілігінен де бөлек білуі тиіс бір нәрсе бар. Ол – азаматтарға көмек қолын созу. Олардың бүгінгі жағдайы – біздерді бей-жай қалдырмайды. Осындай шақта халықтың сенімінен шығып, олардың алғысына бөленсек, ол еңбегіміздің ақталғаны”, -дейді Қызылорда станциясы желілік полициясының бастығы Серік Тоқтыбаев.

Мұндай игі іс-шараларды Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы ЖПб қызметкерлері де қарай жалғастыруды. Олар Нәскүл есімді әжейге материалдық көмек көрсетуде. Көмекке мұқтаж әжей бала-немерелерімен жатақханада тұрады. Қарағандылық көлік сақшылары да бұндай қамқорлық шарларын өткізуді өздерінің азаматтық борышы деп санайды.

Шара шеңберінде полицейлер әр отбасына тек көмек қолын созып қана қоймай, қазіргі індетті азаматтарымыздың бірлесе отырып еңсеретіндігін еске салды. Ол үшін әрбір адам сақтық шараларына үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Айтылған барлық талаптарға түсіністікпен қарап, қоғамдық орындарда себепсіз жүрмеуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру