Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысы полиция департаменті Наурыз мейрамын сән-салтанатпен атап өтті

Қарағанды облысы полиция департаменті Наурыз мейрамын сән-салтанатпен атап өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысы полиция департаментінде әз-Наурыз мерекесі айрықша сән-салтанатпен, ерекше рухани толқыныспен атап өтілді. Тәртіп сақшылары үшін бұл мейрам тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен салт-дәстүрі мен асыл құндылықтарына деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Бұл күні қатаң қызметтік форма ұлттық нақыштағы көркем киімдерге орын беріп, департаменттің алаңы мен ғимараты тұтас бір тағылым мен тарихтың тынысын сездірген рухани ортаға айналды.

Мерекелік думан қазақы қонақжайлықтың көркем көрінісімен бастау алды. Департамент ауласында тігілген ақ шаңқан киіз үй — дархан даланың, бабалар болмысының айшықты белгісіндей әсер қалдырды. Ішінде қызметкерлер ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігін жаңғыртып, келген қонақтарды ақ пейілмен қарсы алып, кең дастарханға шақырды. Дастарханның сәнін келтірген ұлттық тағамдар, оның ішінде құрметпен ұсынылған ет ас — халқымыздың береке-бірлігі мен ырыс-несібесінің белгісіндей болды. Ас үсті ақ батамен әрленіп, жүректерге жылу сыйлаған ізгі тілектер айтылды.

Мерекенің құрметті қонағы – Қыдыр ата бейнесі көпшілікке ақжарма батасын беріп, ел тыныштығын күзеткен қызметкерлерге амандық, абыройлы қызмет және толағай табыс тіледі. Бұл сәт мерекенің мәнін тереңдете түскендей әсер қалдырды.

Шара барысында ұлттық тәрбиенің алтын арқауы саналатын отбасылық құндылықтарға да ерекше мән берілді. Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов "тұсау кесу" рәсіміне қатысып, қаз-қаз басқан екі бүлдіршіннің тұсауын кесіп, олардың өмір жолының ашық, қадамының нық болуына ақ тілегін білдірді. Бұл — болашаққа деген сенім мен ізгі ниеттің көрінісі еді.

Сондай-ақ көпшілік назарына ұсынылған "беташар" дәстүрінің көрінісі де ерекше әсерге бөледі. Жас келіннің жаңа отбасымен танысу сәті арқылы ұрпақтар сабақтастығы, отбасы беріктігі мен сыйластықтың қоғам тұрақтылығының негізі екені айқын аңғарылды.

– Наурыз – бұл бірліктің, ізгіліктің және ортақ құндылықтардың мерекесі. Осындай сәттерде полиция мен халықтың мүддесі ортақ екені айқын сезіледі. Дәстүрді дәріптеу – мемлекеттің рухани тұғырын нығайтудың басты жолы, – деп атап өтті шараға қатысушылар.

Көктемнің шуақты күні, айналаны нұрға бөлеген күн сәулесі, адамдардың шат-шадыман көңілі бұл мерекенің ажарын аша түсті. Салтанатты шара бір сәтке ресмиліктен арылып, үлкен полицейлік әулеттің жүрекке жылу сыйлайтын шынайы, тағылымы мол мерекесіне айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру