Қарағанды облысында бірнеше үйге ұрлыққа түскен күдікті ұсталды
Қарағанды облысында бірнеше үйге ұрлыққа түскен күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 мамырда Қарағанды облысының Нұра аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз түсті. Ол белгісіз біреу түн мезгілінде жеке үйдің аумағына кіріп, комбайнның бөлшектерін, жарық түсіргіш және мыс кабелін ұрлап кеткенін айтты. Шығын мөлшері шамамен 100 мың теңгені құрайды. ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
13 маусымда жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні – 35 жастағы ер адамды ұстады. Ол кінәсін мойындады.
Сотқа дейінгі тергеу барысында полиция күдіктінің екі бірдей қылмысқа қатысы барын анықтады. Түн жамылып ауылдастарының үй учаскелеріне кіріп, қажетті заттарды ұрлап отырған. Бірінші жағдайда келтірілген залал 50 мыңнан астам теңгені, екіншісінде шамамен 80 мың теңгені құрады. Айғақты заттың бір бөлігі алынды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.