Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында жол апаты болған жерден қашып кеткен жүргізуші ұсталды

Қарағанды облысында жол апаты болған жерден қашып кеткен жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

31 қазан күні сағат 21.00 шамасында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының полиция бөліміне Егіндібұлақ пен Теректі ауылдары арасындағы жол учаскесінде жол-көлік оқиғасы орын алғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты.

23 жастағы жігіт тізгіндеген көлік белгісіз бір себептермен жолдан шығып кетіп, аударылып қалған. Жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Оқиға орнын тексеру кезінде белгісіз біреудің күтпеген жерден қарсы жолаққа шығып кеткені, ал қайтыс болған жүргізуші бетпе-бет соқтығысудан қашып, рөлді қатты бұрып жібергені белгілі болды. Оқиғаға кінәлі адамның өзі із-түссіз жоғалып кеткен.

Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында полиция қызметкерлері “ізін суытпай” қашып кеткен 36 жастағы ауыл тұрғынын анықтап, ұстады. Ол маневр жасау кезінде қарсы жолаққа шығып кетіп, жәбірленушінің көлігімен соқтығысқанын түсіндірді.

ҚР ҚК-нің 345-бабы (Жол қозғалысы ережелерін бұзу) және ҚР ҚК-нің 347-бабы (Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру