Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысының полицейлері 130 баланың өмірін сақтау жолында ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алды

Қарағанды облысы Бұқар-Жырау ауданына қарасты Заречный ауылында осыдан 15 жыл бұрын қызмет бабында қаза болған жол полициясының инспекторы Қайрат Жұмабековті еске алуға арналған іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шараға ауданның билік өкілдері, Қайрат Жұмабековтің туған-туыстары мен әріптестері және мектеп оқушылары қатысты. Алдымен жиналғандар ауылдың кіре берісінде батырдың құрметіне орнатылған мемориалдық тақта тасына гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

“Өлі разы болмай, тірі байымайды” дегендей, қатардан ерте кеткен тәртіп сақшылары ешқашан әріптестерінің есінен кеткен емес. Сондықтанда батырлық танытып, антына адал болған Қайрат Жұмабековті еске алу іс-шарасына департамент бастығы Санжар Әділов арнайы қатысты.

– Қабырғамызды қайыстырған қайғылы оқиғаның болғанына биыл 15 жыл болды. Осыншама уақыт өтсе де, әріптесіміздің есімі мәңгі есімізде. Ал жасаған ерлігі келешек ұрпаққа үлгі болары сөзсіз, – деді облыстың бас полицейі.

30 жасында қыршын кеткен Қайрат Жұмабековтің ерлігі әлі күнге дейін ел есінде. 2008 жылдың мамырында Қарағандыдан Астанаға саяхатқа барған 130 баланың жолдағы қауіпсіздігі сол кездегі жол полициясының инспекторлары аға сержант Қайрат Жұмабеков пен Дмитрий Пугачқа тапсырылған. Елорданы емін-еркін аралап, көздері бал-бұл жанған балалар Астанадан Қарағандыға қайтып келе жатқанда Аршалы кентінің тұсында автобусқа қарсы жүк көлігі шыққан. Міне осы сәтте өзіне жүктелген міндетті абыройлы атқарған Қайрат Жұмабеков артындағы балаларды аман алып қалу үшін өзінің өмірін қатерге тігіп, ерлікпен қаза тапқан еді.

– Ол кезде бізде жол-көлік оқиғасынан қашуымызға мүмкіндік болды. Алайда Қайрат артындағы балалардың қауіпсіздігін ойлап, қарсы келген кесапатқа өзін тосты. Бұл дегеніміз оның антына адалдығының белгісі. Ол өте ақкөңіл жігіт етеді. Өмірден ерте кеткені өкінішті, – деді сол кездегі Қайрат Жұмабековтің серігі болған Дмитрий Пугач.

Бүгінде Қайрат жасаған ерлік еш ұмытылған емес. Керісінше антына адал болған асыл азаматтың батырлығы ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру