Қарағанды полициясының қызметкерлері «автобөлшектердің сатушысын» ұстады
Қарағанды полициясының қызметкерлері автобөлшектерді сатқан тағы бір алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлердің алаяқтықтың алдын алу бойынша жүргізген профилактикалық жұмыстарына қарамастан, біздің азаматтар алаяқтардың айла-тәсілдеріне оңай түсуде. Күн сайын тәртіп сақшылары алаяқтық фактілерін жариялайды, әлеуметтік желіге профилактикалық бейнематериалдар қояды және қырағылық таныту туралы буклеттер таратады.
Сонымен, 12 сәуірде Қарағанды қаласының Октябрь полиция бөліміне Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының 29 жастағы тұрғынынан өтініш келіп түсті. Ол өз мәлімдемесінде «OLX» интернет-сайты арқылы автокөлік бөлшектерін сатып алу туралы шешім қабылдағанын және сатушыға 274 мың теңге аударғанын айтты. Ақшаны алған «сатушы» із-түссіз жоғалған.
Октябрь ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні анықтап, ұстады. Қолға түскен 36 жастағы Нұр-Сұлтанның тұрғыны бұдан өзге алты алаяқтық фактісін де мойындады.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыс фактілеріне қатыстылығын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.