Қарағандыда көршісі туралы жалған ақпарат таратқан әйел жауапқа тартылды
Қарағандыда көршісі туралы жалған ақпарат таратқан әйел жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағандыда 34 жастағы тұрғын көршісінің өзі туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқанына шағымданған.
Ә.Бөкейхан атындағы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Төлеген Жанкеев арызды тексеріп, тұрғындардан жауап алған. Сауалнама барысында бірнеше көрші арызданушы туралы түрлі қауесет тарағанын айтқан. Олардың сөзінше, бұл ақпаратты 66 жастағы көрші әйел таратқан.
Полиция бөліміне жеткізілген әйел өзіне қатысты айтылған ақпаратты таратқанын мойындаған. Іс сотта қаралып, әйел басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылып, жауапқа тартылды.

Оқиғадан кейін арызданушы полиция қызметкері Төлеген Жанкеевке алғысын білдірген. Ол полиция департаментінің бастығына алғыс хат жолдап, учаскелік инспектордың жұмысына оң бағасын берген. Сондай-ақ полиция қызметкерін көтермелеуді сұраған.
Полиция азаматтарды басқа адамдар туралы ақпарат таратқанда оның шынайылығына көз жеткізуге және өз сөздері мен әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
