Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында 30 жастағы дропперге сот үкімі шықты

Абай облысының Көкпекті ауданында банк шотын үшінші тұлғалардың пайдалануына берген 30 жастағы әйелге сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға 1 наурызда басталған. Әйел Instagram әлеуметтік желісінен банк шотын жалға беру арқылы табыс табуға болатындығы туралы хабарландыруға тап болған. Ұсынысқа қызығушылық танытып, хабарландыруда көрсетілген сілтеме арқылы Telegram мессенджеріне өткен. Сол жерде онымен белгісіз тұлға байланысқа шыққан.

Хат алмасу барысында оған әртүрлі адамдардан ақша аударымдарын қабылдау мақсатында өзінің банк шотын үшінші тұлғалардың пайдалануына беру ұсынылған. Бұл үшін ақшалай сыйақы төленетіні айтылған.

Әйел күмәнді операцияларға қатысудан бас тартуға мүмкіндігі бола тұра, ұсынысқа келісіп, банк шотын үшінші тұлғалардың пайдалануына берген.

2-9 наурыз аралығында оның банк шотына әртүрлі тұлғалардан ақша қаражаты түскен. Шотын пайдалануға бергені үшін ол 40 мың теңге көлемінде сыйақы алған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін Көкпекті ауданының тергеу бөлімінің тергеушісі қылмыстық істі соттың қарауына жолдаған.

Сот әйелдің әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыруға қатысты нормасы бойынша саралады. Атап айтқанда, ол материалдық сыйақы үшін өзінің банктік шотын үшінші тұлғаға заңсыз пайдалануға ұсынған.

Жаза тағайындау кезінде сот оның кінәсін толық мойындағанын, жасаған әрекетіне шын жүректен өкінгенін және асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екенін жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.

Сот шешімімен әйелге айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар жәбірленушілерге мәжбүрлі төлем өндірілді.

Полиция азаматтарды банк шоттарын үшінші тұлғаларға сыйақы үшін бермеуге шақырады. Мұндай әрекеттер қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.

Полиция әлеуметтік желілерде таралатын "оңай табыс" туралы күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарап, жеке банк шоттары мен төлем құралдарын бөгде адамдардың пайдалануына бермеу қажеттігін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру