Қарағандылық бойжеткен спорт кешенінің киім ауыстыратын бөлмесінен ақша ұрлап кетті
Қарағандылық бойжеткен спорт кешенінің киім ауыстыратын бөлмесінен ақша ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 ақпанда Қарағанды қаласының ПБ Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 33 жастағы қала тұрғыны арызданған. Жәбірленуші спорт кешеніне жаттығуға барған, белгісіз біреу киім ауыстыратын бөлмеде орналасқан шкафты ашып, ақшасын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 170 мың теңгені құрады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
27 ақпанда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 18 жастағы қызды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындап, жәбірленушімен бір спорт кешенінде айналысатынын түсіндірді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.