Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қаратау ауданының полицейлері 5 жасар қыздың арманын орындады

Қаратау ауданының полицейлері 5 жасар қыздың арманын орындады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері жыл он екі ай ішінде өтетін атаулы мерекелер қарсаңында балалар үйіне бас сұғып, балғындарды түрлі тарту-таралғы, сыйлықтармен қуантуды үрдіске айналдырған.

“Жетім көрсең жебей жүр” демекші, Наурыз мерекесі қарсаңында №4 балалар үйіне барған Қаратау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ондағы тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтап қайтты. Ойыншықтар мен тәттілерді көрген балалар мәз-мейрам болып қалды.

№4 балалар үйінің директорының орынбасары Алия Бектемисова полицейлерге көңіл бөліп, көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.

– Әрбір бала бақытты болуға лайықты. Біз полиция қызметкерлеріне өте ризамыз. Бүгін Наурыз мерекесі қарсаңында тәртіп сақшылары түрлі сыйлықтар тарту етіп, балаларды қуантты. Біздің тәрбиеленушілердің арасында полицияда қызмет еткісі келетіндер бар. Биыл біздің түлектер ҚР ІІМ академиясына түсуге дайындалуда, – деді.

Сыйлықтар табыс етілген соң балалар полицейлерге алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Тәрбиеленушілер арасында бес жасар бүлдіршін қыз көптен бері қуыршақ алуды армандап жүрген екен. Наурыз мерекесінде арманы орындалғанына қуанған бүлдіршін полицейлерге алғысын білдірді.

Полицейдің қолынан арманындағы қуыршақты алған қыздың қуанышында шек жоқ еді. Сәбидің бәрі өмірде бақытты болу үшін жаралған.

Өз кезегінде, балалардың жүзінде күлкі үйіруге себепкер болған тәртіп сақшыларына қызметте табыс, дендеріне саулық тілейміз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру