Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қоғамдық жұмысты орындамаған ақтөбелік қамалды

Қоғамдық жұмыс түріндегі жазаны орындауға намыстанған ақтөбелік сотталған, жазасын енді колонияда өтейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көршісінің темір бұйымдарын ұрлап, темір алатын орындарға өткізіп, тапқанын ішімдікке жұмсауды әдетке айналдырған Қарғалы ауданының тұрғыны А. жасаған ұрлығымен қоса, сот отырысында Сотты және сот залындағы барлық қатысушылардың өміріне қауіп төндіретін қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытқаны үшін қосымша жаза арқалап, 300 сағаттық қоғамдық жұмысқа сотталды.

2019 жылдың желтоқсан айында Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Қарғалы аудандық пробация қызметіне есепке алынған күннен бастап, сотталған А-ға пробация қызметкерлері жаза өтеу тәртібі мен сот жүктеген міндеттерді толық түсіндіріп, сот міндеттерін орындамау- бас бостандығынан айырумен шектелетінін ескертеді.

Алайда, сотталған А. пробация қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспай, жаза өтеу барысында өзіне Сот жүктеген міндеттерді орындаудан бас тартып, бірнеше мәрте жаза өтеу шарттарын бұзады және күніне сегіз сағаттық қоғамдық жұмыстарды: көшелер мен саябақтарды қардан тазалаудан бас тартады. Соған қарамастан, ішімдікті бірінші орынға қойып, бірде “ағамның туған күнінде болдым, басым ауырып тұр” деп сылтауратып, қоғамдық жұмыс түріндегі жазадан қашса, енді бірде “мұндай жұмыстарды жасағым келмейді, менікі емес” деп намыстанады.

Оған қоса, Пробация қызметінен жасырыну мақсатында, Қарғалы ауданындағы мекен жайын тастап, қашып кеткен сотталғанды Қарғалы аудандық пробация қызметі аудандық полиция басқармасының жедел іздестіру тобымен бірге 20 күнге созылған іздестіру нәтижесінде Ақтөбе қаласында жасырынған жерінен ұстайды.

Сотталған А.-ның жоғарыда аталған бұзақылықтарын ескерген Қарғалы аудандық соты оны ҚР ҚК-нің 43-бабы және Қылмыстық-атқару жүйесіндегі 58, 59, 60-баптарда көрсетілген жаза орындау шарттарын бұзғаны үшін, Пробация қызметімен жолданған құжатта көрсетілген: қоғамдық жұмысты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру ұсынысын қанағаттандырады.

– Сотталған А. өзіне тағайындалған қоғамдық жұмыс түріндегі жазаны орындамай, үнемі ішімдікке салынып отырды. Осындай іс- әрекеттерімен ол, Сотпен өзіне тағайындалған қоғамдық жұмыстарды орындау түріндегі жазаны орындаудан бас тартты. Енді аудандық соттың үкімімен, сотталған А. өтелмеген жаза мерзімін түзеу мекемесінде өтейді, – дейді Қарғалы аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Жанболат Жақсылықов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру