Қос алаяқтық жасаған Абай облысының тұрғыны ұсталды
Қос алаяқтық жасаған Абай облысының тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қыркүйек айының басында Жарма ауданы ПБ «102» жедел арнасына аудан орталығының 69 жастағы тұрғыны жүгініп, алаяқтықтың құрбанына айналғанын хабарлаған. Ол ауыл тұрғындарынан ет сатып алып жүрген ер адаммен танысып, өзінің бір ірі қара малын сату туралы уәделескен. Алайда малды сойып алып, осы уақытқа дейін ақшасын қайтармағаны белгілі болды. Шығын көлемі 260 мың теңгені құрайды.
Дәл сол күні тағы да бір 56 жастағы ауыл тұрғыны дәл осыған ұқсас жайтты жеткізіп, күдікті ер адамның оның екі бас ірі қара малын алып, қаражатты бермегенін айтқан. Келтірілген шығын көлемі 660 мың теңгені құрайды.
Қаскөйді іздеуге кіріскен полицейлер жедел-іздестіру жұмысының нәтижесінде Абай ауданының 27 жастағы тұрғынын қолға түсірген.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды.