Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысының учаскелік полиция қызметкері ауыл тұрғынына құжаттарын қалпына келтіруге көмектесті

Қостанай облысының учаскелік полиция қызметкері ауыл тұрғынына құжаттарын қалпына келтіруге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Лисаковск қаласының Октябрь кентінің тұрғыны Александр Растрыгин учаскелік полиция инспекторы Данабек Игімбердиевке құжаттарды қалпына келтіруге көмектесу туралы өтінішпен жүгінген.

Себебі, жергілікті тұрғынның жеке куәлігінің мерзімі өтіп кеткен. Осыған байланысты ол банк картасын алуға және зейнетақы алуға өтініш бере алмаған.

– Зейнеткер маған хабарласқаннан кейін, мен оған жеке куәлік алу үшін қандай құжаттар қажет екенін айтып, ХҚКО-ға бару керек дедім. Зейнеткер қиын өмірлік жағдайға тап болған. Оның құжатты алу үшін мемлекеттік бажды төлеуге ақшасы да болмаған. Мен бұл жағдайға бей-жай қарай алмадым. Оған құжаттарды рәсімдеуге және мемлекеттік бажды төлеуге көмектестім, – деді Данабек Игембердиев.

Учаскелік полиция қызметкерінің арқасында Александр Михайловичтің құжаттары ресімделді. Жуырда оның құжаттары дайын болады.

Зейнеткер Данабек Игімбердиевке көмегі үшін шын жүректен алғысын білдірді.

Лисаковск қаласына қарасты Октябрь ауылының көпке үлгі болатын учаскелік полиция қызметкері ІІО-да 2005 жылдың қыркүйегінен бастап қызмет етеді. Осы уақыт ішінде ол өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға бірнеше рет көмек көрсетті.

Мысалы, осы жылдың сәуір айында ол мұз астына батып бара жатқан балықшыны құтқарып, оны жалғыз өзі жағаға шығарған болатын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру