Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайлық полицей Халықаралық турнирде күміс жүлдеге ие болды

Қостанайлық полицей Халықаралық турнирде күміс жүлдеге ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Самбодан Ресей Федерациясының Қазан қаласында Татарстан Президентінің кубогіне арналған халықаралық турнир өтті. Жарысқа барлығы 17 мемлекеттің спортшылары қатысты. Қазақстан құрамасы сапында 30 спортшы бақ сынаған болатын, олардың қатарында Қостанай облысы Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы полиция аға лейтенанты Асқар Абдулла бар.

Арнайы жасақ инспекторы бұл турнирге тамыз айында Ақтау қаласында өткен Республикалық чемпионатта жеңімпаз атанып, жолдама алған болатын. 98 келі салмақта жауынгерлік самбо бойынша күрескен полиция аға лейтенанты алғашқы кезеңде Өзбекстан елінен келген палуаннан 7:3 есебімен алға шығып, келесі кезеңде Ресейлік спортшыны 8:0 есебімен тізе бүктіріп, екінші орынға тұрақтады.

– Жарысқа 15 күндей дайындалдым. Уақытымның негізгі бөлігін дайындық жаттығуларына арнауға тырыстым. Бұл турнирге дайындалуыма ерекше көңіл бөліп, көмек көрсеткен командиріміз Жәнібек Мұхамеджанов. Жарыс өте жоғары деңгейде тартымды әрі қызықты өтті. Халықаралық жарыстардың арқасында жаңа достар таптым. Көбіне ТМД елдерінің спортшыларымен жүздесіп жүргендіктен, Қытай, Франция, Нидерланды сынды мемлекеттің қатысушыларымен кездесіп, өзара қарым-қатынас жасау ерекше есте қалатын сәттерімнің бірі боп қалады, – дейді күміс медаль иегері.

Естеріңізге сала кетейік полиция қызметкері жақында ғана қыркүйек айында Белорусь Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған XXV Халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған болатын.

Асқар Абдулланың алдыға қойған арман-тілегі асқақ. Полицей келер жылы да Халықаралық жарыстардан жоғары нәтижелер көрсетуді мақсат етіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру