Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қожайынының жылқысын ұрлаған талғарлық малшы ұсталды

Алматы облысы Талғар ауданының полицейлері қожайынының жылқысын ұрлаған малшыны құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеше Талғар ауданының полициясына жеке шаруа қожалықтардың бірінің иесі хабарласып, қорада тұрған жылқысының қолды болғаны туралы арызданған. Тәртіп сақшылары мал ұрлығын ашуға бағытталған ауқымды шаралар ұйымдастырып, бір тәулік ішінде қылмысқа қатысы бар күдіктіні ұстады.

– Арнайы шара барысында сол шаруа қожалықта мал бағатын Ұйғыр ауданының 44 жастағы тұрғыны күдікке ілінді. Алдын ала тергеу барысында ол қылмысын мойындап, ұрлаған жылқыны қайда сатқанын көрсетті. Жылқы тәркіленіп, заңды иесіне аман-есен табысталды,- деді Талғар ауданы Полиция басқармасының бастығы Ерлан Қасым.

Полиция басшысының хабарлауынша, қожайындарының үйде жоқтығын пайдаланған малшы ішімдік ішуді жоспарлаған. Алайда қалтасында қаржысы жол күдікті ақша табудың оңай жолын қарастырған. Қорадағы көп жылқының бірін ұстап, көрші шаруа қожалыққа сатуға тырысқан. Бағасы арзан, құжаты жоқ жылқыны сатып алған көршісі аз ғана сома беріп, құжаттарын әкелуге шығарып салған.

Мал ұрлығын жасаған күдікті аудандық полиция жанындағы уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Тәртіп сақшылары оның бұған өзге де мал ұрлықтарына қатысы барын тексеруде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру