“Құқықтық тәртіп”: Қызылорда облысында қаруды заңсыз сақтағандар анықталды
Қызылорда облысында қаруды заңсыз сақтағандар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы көлемінде өтіп жатқан “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде үш атыс қаруы тәркіленді. Облыс орталығында 358 жалдамалы пәтер тексерілді.
Мысалы, 17 қаңтар күні сағат 16:30 шамасында Қызылорда облысы Полиция департаментінің Қармақшы аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторларымен қызмет атқару барысында 37 жастағы ауыл тұрғынының үйінде ІІО тіркеуде жоқ, 16 калибрлі, екі ұңғылы, нөмірсіз аңшы мылтығын заңсыз сақтағаны анықталды.
Осы тектес дерек 18 қаңтарда Сырдария ауданында орын алды. Сырдария аудандық полиция бөлімінің қызметкері 53 жастағы аудан тұрғынының фазендасын тексеру кезінде ІІО-да тіркеуде жоқ, 16 калибрлі, “ИЖ” маркалы аңшы мылтығын заңсыз сақтағанын анықтаған.
Анықталған деректер бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, сотқа жолданды.
Облыс бойынша барлығы 1301 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Мәселен, ұсақ бұзақылықтың – 127 дерегі тіркелсе, қоғамдық орында масаң күйде болудың – 117 дерегі, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбаудың екі дерегі, жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауының төрт дерегі анықталды.
Сонымен қатар, спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру тәртібін бұзудың 150 дерегі, Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұрудың – 148 дерегі, құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік органның заңды өкіміне немесе талабына бағынбау бойынша бір дерек анықталып,барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды.