Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызмет аяқталды, достық жалғасады: полицей қызметтік ит Джонды өзімен алып кетті

Абай облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында ең тәжірибелі қызметтік иттердің бірі — Джонды құрметті демалысқа шығарып салды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

8 жыл 7 айлық қызметі барысында Джон түрлі санаттағы 160 қылмыстың ашылуына қатысып, із-түзсіз жоғалған 51 адамды табуға көмектескен.

Оның күнделікті қызметі ондаған шақыртуға шығу, із кесу, арнайы операцияларға қатысу және кинолог серіктесімен бірге сансыз шақырым жол жүрумен өрбіді.

Кинологиялық қызмет мамандары үшін Джон әлдеқашан жай ғана қызметтік ит емес, ұжымның сенімді әрі толыққанды мүшесіне айналған еді.

Ол ізді дәл табатын, қауіпті алдын ала сезетін және кез келген тапсырманы соңына дейін орындайтын ерекше қабілетімен танылды.

Бүгінгі қоштасу рәсімі де әсерлі сәттерге толы болды.

Қызметі ресми түрде аяқталғаннан кейін Джонның кинологы сенімді серігін өзімен бірге алып кетуге шешім қабылдаған. Полицейдің айтуынша, тоғыз жылға жуық бірге қызмет атқарған досын қасында қалдырмауға жүрегі дауаламаған.

Ал Джон мұны бірден сезгендей еді.

Қоштасу сәтінде қызметтік ит жетекшісінен бір елі ажырамай, еркелеп қасына келіп, құйрығын қуана бұлғаңдатып тұрды. Ол қызмет аяқталғанымен, өміріндегі ең маңызды адамның жанында қалатынын сезгендей әсер қалдырды.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қызметтік иттер күн сайын ішкі істер органдары қызметкерлерімен қатар күрделі міндеттерді атқарады — қылмыстарды ашуға қатысады, жоғалған адамдарды іздейді, күдіктілерді ұстауға көмектеседі және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Джонның оқиғасы — тек қызмет туралы ғана емес.

Бұл — адалдық пен сенімнің, жылдар бойы үнсіз тіл табысқан адам мен жануар арасындағы ерекше байланыстың жарқын көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру