ШҚО ПД қызметкері пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионатында топ жарды
ШҚО ПД қызметкері пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионатында топ жарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
15-17 мамыр аралығында Алматы қаласында күштік спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Аталған жарыста Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының взвод командирі Қуат Бақытбекұлы жоғары нәтиже көрсетті.
82,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен тәртіп сақшысы жоғары дайындық деңгейін танытып, екі бірдей дисциплина бойынша жүлделі орындарға ие болды. Штанганы жатып көтеру сайысында 147,5 келіні еңсеріп, үшінші орынды иеленсе, "өз салмағымен көтеру" дисциплинасында 82,5 келіні 31 рет көтеріп, чемпион атанып, алтын медаль жеңіп алды.
Арнайы жасақ қызметкерінің спорттағы жетістіктері де аз емес. Ол — 2024 жылғы Әлем кубогының иегері, 2024 жылғы Азия чемпионы, пауэрлифтингтен 2022 жылғы Қазақстан чемпионы әрі спорт шебері.
Қуат Бақытбекұлы спортпен 2017 жылдан бері тұрақты түрде айналысып келеді. Ал Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтағы қызметіне 10 жылын арнаған.
Оның жетістігі полиция қызметкерінің кәсіби біліктілік пен қызметке адалдықпен қатар, өзін-өзі үздіксіз дамыту, тәртіп пен жоғары мақсаттарға ұмтылу арқылы да биік белестерді бағындыра алатынын айқын дәлелдейді.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті полиция қызметкерін кезекті жеңісімен құттықтап, қызметте де, спортта да жаңа табыстар тілейді.
