Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы ПД басшылығы ведомствоаралық жобалау тобымен кездесті

Қызылорда облысы ПД басшылығы ведомствоаралық жобалау тобымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, үкіметтік емес ұйымдар, полиция қызметкерлерінен және тағы басқа да мекеме қызметкерлерінен құрылған ведомствоаралық жобалау тобымен кездесті.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік тәсілдерін кезең-кезеңімен енгізу мақсатында құрылған топ өз жұмыстарын Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінде бастап кетті. Ведомствоаралық топ мүшелерінің әрқайсысы өз саласы бойынша талдау жұмыстарын жүргізіп, Тасбөгет кентінде қылмыстың алдын алу, болдырмау бағытындағы жобаларды әзірлеуде. Полицияның сервистік моделі пилоттық жобасының аясында Тасбөгет кентінің тұрғындарының көзқарасын анықтау мақсатында 150 респонденттің қатысуымен әлеуметтанулық зерттеу жүргізілді.

Сауалнамаға қатысқандардың 38 %-ы соңғы үш жылда полиция органдарына көмекке жүгінгені анықталды. Респонденттердің көпшілігі өздерінің мекенжайларына жауапты учаскелік инспекторын танитынын жеткізсе, кейбір тұрғындар Тасбөгет кентіне жақында көшіп келуіне байланысты учаскелік инспекторлармен кездеспегендері анықталды.

Қазіргі таңда учаскелік инспекторлар әкімшілік аймағындағы тұрғындарға тоқсанына бір рет есеп беру кездесулер өткізуде. Сауалнама нәтижесіне байланысты, Тасбөгет кентінің барлық учаскелік полиция инспекторлары қызмет көрсететін аумақтарындағы тұрғындармен өзара кезектен тыс кездесу өткізу, профилактикалық шараларды ұйымдастыру жұмыстарын бастады.

Сонымен қатар, ведомствоаралық топ мүшелерімен қылмыстың алдын алу бағытында жарығы жоқ көшелерді жарықтандыруға, бейнебақылау камераларын орнатуға ұсыныстар берілді. Қылмыстардың болу себептерін талдау нәтижесінде, оларды жасағандардың көбісі жұмыссыз, тұрмысы төмен отбасының азаматтары болып белгіленді. Осыған байланысты Тасбөгет кентінде жұмыспен қамту органымен көшпенді жұмыссыздық жәрмеңкесін ұйымдастыру шешімі қабылданды.

Тасбөгет кентіне қарасты Сабалақ саяжайында төрт мыңнан астам халық тұратындықтан, учаскелік инспектордың үнемі осы саяжайда болуын қамтамасыз ету мақсатында Сабалақ саяжайынан қызметтік үй-жай қарастырылуда.

Полицияның сервистік моделі – бұл билік органдарына деген сенім мен қорғалу деңгейін арттыру мақсатында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешу бойынша полицияның, алдын алу субъектілерінің және жұртшылықтың бірлескен қызметі болып саналады. Сервистік модельді дамыту азаматтардың полициямен байланысын және полицияға қол жеткізуін барынша жеңілдетуге бағытталған. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру