Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында қылмыс саны азайды

Қызылорда облысында қылмыс саны азайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмыстың алдын алу бағытында Қызылорда облысы Полиция департаментімен атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2021 жылдың қорытындысымен барлық қылмыстар -7% (3 702-ден 3 450-ге), қоғамдық орындарда -4,4% (904-тен 864-ке), көшелерде -4,2 % (524-тен 502-ге), мас күйінде -19,4% (360-тан 290-ға), бұрын сотты болғандармен -32,9% (1 095-тен 735-ке), топтасып жасалған -45,1% (273-тен 150-ге), отбасы тұрмыстық саласында -35%-ға (20-дан 13-ке) жасалған қылмыстар төмендеді.

Ауыр және аса ауыр қылмыстардың басым бөлігі алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде жасалатыны белгілі. Осы қылмыстардың алдын алу мақсатында алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан 319 дүкен иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қоғамдық орында алкоголь өнімін пайдаланып, мас күйде болғаны үшін 3 807 азаматқа әкімшілік шара көрілді. Алкоголизмнен еріксіз емдеу мекемесіне 131 адам орналастырылды. Отбасы-тұрмыстық қылмыстарының -30%-ға (20-дан 14-ке) алдын алу мақсатында отбасында жанжал шығаратын 2 677 тұлға полицияның есебіне алынды.

Полиция имиджін нығайту және халықпен тығыз сенімді қарым-қатынас орнату мақсатында “Учаске” профилактикалық шарасы өткізілді. Іс-шара кезінде облыстағы барлық пәтерлер мен жеке үйлер, саяжайлар тексеріліп, учаскелік полиция инспекторларының визиткалары таратылды.

Пәтерлерін заңсыз жалға берген 83 азаматқа қатысты жинақталған құжаттар салық органдарына шешім қабылдау үшін жолданды. Полицияның профилактикалық есебінде тұрған тұлғалар мекен-жайларынан 6 577 рет тексеріліп, олармен қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Облыстағы 9 117 қару иелері тексеріліп, қаруды сақтау,  тіркеу ережесін бұзған 172 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, басқа да “Тұрмыс”, “Пробация”, “Балалар түнгі қалада”, “Жасөспірім”, “Құқық тәртіп”, “Қауіпсіз жол”, “Заңсыз жолаушы тасымалдаушы” профилактикалық іс-шаралары тұрақты түрде жүргізілуде.

Жол апаттарының алдын алу мәселесі басты назарда. Облыс бойынша жол көлік оқиғалары -11,4% (507-ден 449-ға) мен дене жарақатын алғандар -5,7% (582-ден 549-ға) төмендегенімен, қайтыс болғандар +39% (88-ден 122-ге) өскен.

Жол көлік оқиғаларының алдын алу бағытында патрульдік жасақтардың жұмысы қайта қаралып, жол көлік оқиғаларына талдау жүргізіліп,анықталған себептері бойынша құзырлы органдарға 1 670 ұсыныс берілді. Ұсыныстардың ішінде, авариялық қауіпті жолдарды жарықтандыру, қалпына келтіру, қажетті жол таңбалары мен белгілерін, бағдаршам орнату болса, республикалық жолдарда жол көлік оқиғаларының алдын алу бағытында малдардың көшеге шығуын болдырмайтын темір қоршаулар, үй жануарларының макеттері, билбордтар және жарықтандыру мәселелері қарастырылған.

Облыста 322 жаңа жол белгілері орнатылып, 1 455-і қайта қалпына келтірілді.

Жол көлік оқиғаларының алдын алу бағытында 133 096 жол қозғалыс ережесін бұзу дерегі анықталып, оның ішінде жол апаттылығына тікелей әсер ететін 69 902 өрескел бұзушылықтар рәсімделді. Атап айтқанда, көлікті мас күйде басқарған 988, жолдың қарсы бағытына шыққан 333, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 2 405 жүргізуші мен жолдың белгіленбеген орнынан өткен 2 113 жаяу жүргіншілерге әкімшілік шара көрілді.

Жалпы полицияның жұмысын бағалау өлшемдерін түбегейлі өзгерту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жағдайларын құру бағытында, полиция қызметін сервистік модельге көшіру жөнінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында тапсырма берді.

Полицияның сервистік моделі – бұл халықтың билік органдарына деген сенімін арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде полицияның қоғаммен бірлескен қызметі болып табылады. Яғни, полицияның сервистік моделі толық енгізілгеннен кейін, полицияның жұмысына халық баға беріп, полицияға деген сенімнің коэффиценті есептелетін болады.

Бұл жоба Қызылорда облысында 2021 жылдың 15 қарашасында басталды. Жоба шеңберінде облыс әкімдігі жанынан Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ құрылды. Оның құрамына ішкі істер, прокуратура, денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау органдары, жергілікті атқарушы органның  және қоғамдық институт өкілдері енгізілді.

Ведомствоаралық топтың мақсаты – полиция мен қоғам арасында серіктестік қарым-қатынас орнату,аумақтағы құқықтық тәртіп жағдайына ортақ жауапкершілікті ұйымдастыру. Қазіргі таңда ведомствоаралық топ мүшелерімен талдау жұмыстары жүргізілуде, құқықбұзушылыққа ықпал ететін себептер мен жағдайлар анықталуда. Нәтижесімен осы себептер мен жағдайларды жою жөнінде құзырлы органдар мен мекемелерге ұсынымдар беріледі.

Сервистік полицияны жүзеге асыруда  облыс орталығында адамдар көп шоғырланған аймақтарда орнатылған 14 модульдік полиция бекеттерін атап өтуге болады. Бұл полиция бекеттері тәулік бойы қызмет атқарып, криминогендік жағдайға уақтылы ден қоюға, халыққа көмек көрсетуге тиімді және қажетті заманауи техникалармен жабдықталған. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың желтоқсан айында облыстың шалғай аумақтарында қызмет атқаратын учаскелік полиция инспекторларына 25 JAC автокөліктері және 14 жаңа үлгідегі компьтерлер қолданысқа берілді.

Мереке күндерінде департаменттің жеке құрамы және Ұлттық ұлан гвардиясының сарбаздары қызмет өткерудің күшейтілген кестесіне көшті. Облыс бойынша мыңнан астам полиция қызметкерлері және 160 Ұлттық ұлан сарбаздары, 100-ге жуық қызметтік автокөліктер  орталық алаңдар мен кафе, мейрамханалар аумағында қылмыстың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға жұмылдырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру