Қызылорда облысында тәжірибелік конференция өтті
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен “Қазіргі жаһандану және цифрландыру жағдайындағы Қазақстан Республикасының Конституциясы” тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауқымды іс-шараға ғалымдар, құқық қорғау органдарының өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысып, Конституцияның заманауи қоғамдағы маңызы мен құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлін талқылады.
Конференция барысында Қызылорда облысы полиция департаменті профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Айбек Құлмағанбетов “Конституция – құқықтық тәртіп пен профилактиканың негізгі тетіктері” тақырыбында баяндама жасады.
Баяндама барысында Конституцияның қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесін жетілдірудегі ерекше маңызын атап өтті. Сонымен қатар цифрландыру дәуірінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, профилактикалық жұмыстарды заманауи тәсілдер арқылы күшейту мәселелеріне тоқталды.
Конференция аясында қатысушылар құқықтық мәдениетті арттыру, заң үстемдігін нығайту және жастар арасында құқықтық сауаттылықты қалыптастыру бағытындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Іс-шара соңында қатысушылар Конституция қағидаттарын сақтау – елдегі қоғамдық тұрақтылық пен құқықтық тәртіптің басты кепілі екенін атап өтті.
