Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының бас полицейі аудандық полиция бөлімінің жұмысымен танысты

Қызылорда облысының бас полицейі Арал ауданында жеке қабылдау жүргізіп, аудандық полиция бөлімінің жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

​Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын жүзе асыру аясында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге жеке қабылдау өткізіп жатыр. Аталмыш шара бүгін Арал ауданында бастау алды. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының қағидаттарын іске асыру шеңберінде өткізілген жеке қабылдауға Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов да қатысты.​ Жеке қабылдау Оқушылар үйінде өтті. Полиция департаменті бастығының қабылдауына Арал ауданының 9 тұрғыны жазылды. Олар түрлі сипаттағы шағымдарымен және сауалдарымен жүгінді.

Мәселен, Аманөткел елді мекенінің тұрғыны өз ауылдық округтеріне жеке дара учаскелік полиция инспекторын бекіту бойынша ұсыныс айтты. Полиция департаментінің бастығы Аманөткел және Бөген ауылдық округтарына 1 учаскелік полиция инспекторының бекітілгендігін айтып, штаттық кестеге байланысты бір учаскелік полиция инспекторын бекіту мүмкіндіктерінің қаралатындығын жеткізді. Жеке қабылдауға қоғам белсендісі Алия Хамидуллина да келіп, департамент бастығына əріптестік жөнінде ұсыныс білдірді. Махсудхан Аблазимов қабылдауға келген азаматтардың сауалдарын, толғандырған мәселелерін мұқият тыңдап, толыққанды жауап беріп, түйткілді мәселелерін жақын арада шешуге тырысатын жеткізді. Қызмет басшыларына нақты тапсырмалар беріп, қосымша зерделеуді қажет ететін материалдарды жеке бақылауына алды.

Бүгінгі шара Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығының жаңа қызметіндегі алғашқы қабылдауы. Ол кәсіби шеберлігінің арқасында жаңа ортада қысқа мерзім ішінде дағдыланып, жұртшылықтың ішкі істер органдарына сенімділік деңгейін көтеру мақсатында тұрғындармен кері байланыс орнатуда. Мұндай шаралар нәтижесінде қызылордалықтар тікелей департамент бастығына өз сауалдарын жолдауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар полиция департаментінің бастығы Арал ауданындағы бүгінгі жұмыс сапары барысында аудандық полиция бөлімінің жұмысымен танысты. Аудандық полиция бөлімінің ғимаратын тексеріп, материалдық-техникалық жарақтандырылу жағдайымен танысты.

Мемлекет басшысы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын бекіткен болатын. 2023 жылы оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында құқық қорғау органдарында парасаттылыққа тексеруді немесе integrity check енгізілгені белгілі. Бұл ретте полиция қызметкерлерін парасаттылыққа тексерудің пилоттық жобасы шеңберінде өңірдің бас полицейі қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеуге, елге адал қызмет етуге шақырды. Сонымен қатар департамент бастығы қазіргі уақытта қоғамдағы өзекті мəселелердің бірі – кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, болдырмау мəселесіне ерекше көңіл бөлді. Бұдан бөлек ішкі істер органдарына жүктелген міндеттер, оларды жүзеге асырудағы қызмет басшыларының рөлін де атап өтті.

Махсудхан Аблазимов бөлім басшысының жыл басынан атқарылған жұмыс жөнінде есебін тыңдап, барлық салаларына жеке тоқталып, нақты нұсқаулар берді. ҚР ішкі істер министрінің тапсырмасына сəйкес, қазіргі уақытта ішкі істер органдарының басты назарында азаматтардың қауіпсіздігі мен халықтың полицияға деген сенімі. Бұл ретте халықтың пікірін ескеріп, жіберілген кемшіліктерді түзетіп, жұмысты жетілдіру қажеттігін департамент бастығы аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің назарына жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру