Қызылордада есірткі қылмысына қарсы семинарларға 10 мыңнан астам жасөспірім қатысты
Қызылорда облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан арнаулы орта және жалпы білім беретін оқу орындарының оқушы, студеттері үшін “Жас ұрпаққа туындаған жаңа қауіп – синтетикалық есірткі” тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семинар-тренингтің мақсаты – нашақорлыққа байланысты мәселелерді анықтау және есірткі мен басқа да психоактивті заттарды қолданудың алдын алу.
Есірткіге тәуелділіктің алдын алудың басты ерекшелігі – жасөспірімдерге психоактивті заттарды қолданудың әлеуметтік салдарын түсіндіру. Осы орайда профилактикалық жұмыстың ең тиімді әдісі – тренинг сабақтары.
Семинарда жастар мен жасөспірімдер аудиториясымен жұмыс істеудің негізгі әдістемелік талаптарын ескере отырып, аудиториямен “тең дәрежеде” қарым-қатынас жасалу әдісі қолданылды.
Кездесу барысында балалардың нашақорлық мәселесі туралы хабардар болу деңгейін арттыру, нашақорлыққа көзқарасын өзгерту, “Есірткіге жол жоқ!” деп айта білу және денсаулықты сақтауға уәждемені қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілді.
Жалпы барлық семинар-тренингке 10 мыңнан астам оқушы, студент қатысты.