Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада қаза тапқан полицейлерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды

Қызылордада қаза тапқан полицейлерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

12 қарашада Қызылорда облысының Полиция департаментінде “Халық қаһарманы” Ғазиз Байтасовты еске алу күніне арналған іс-шара өтті.

Іс-шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, ҚР Ұлттық ұлан №5547 әскери бөлімінің және Қызылорда облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері қатысты.

Акция қызмет бабында қайтыс болған полиция қызметкерлеріне арналған ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін батырды бір минут үнсіздікпен еске алып, үш дүркін атыс болды.

– 2011 жылғы 12 қараша күні Қазақстан полициясының тарихына “Халық қаһарманы” Ғазиз Байтасовтың қаза болған күні ретінде енді. Ол қарулы қылмыскердің жолын бөгеп, гранатаны жаруға дайындалған жанкешті террористі өзінің денесімен жауып, өз өмірінің құнымен азаматтарды қазадан қорғап қалған. Осы қайғылы оқиғадан бері 10 жыл өтті. Алайда ол әріптестерінің ғана емес, бүкіл қоғамның жадында қалды. Ғазиз Байтасовтың есімі Қазақстан полициясының тарихына мәңгі “алтын әріптермен жазылды”. Оның ерлігі барлық ұрпақ үшін батырлықтың, Отанға және өз халқына деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі болады. Батырдың ерлігі әр полиция қызметкерінің жүрегінде мәңгі сақталады, – деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру