Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада қызметтік ит ұрлықты ашуға көмектесті

Қызылордада Лион атты қызметтік ит ұрлықты “ізін суытпай” ашуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің Кинология қызмет орталығында 21 қызметтік ит бар. Олар есірткі затын іздеу, із кесу саласы, жарылғыш затын іздеу, одорология саласы және шабуылдау бағыттары бойынша үйретіліп, қызмет атқарады. Бірақ жануарлардың негізгі бөлігі қылмыскерлерді іздеу үшін үйретілген.

Мәселен, ағымдағы жылдың 15 тамыз күні түскі уақытта саяжайлардың бірінде белгісіз адам үйдің дәліз бөлмесіндегі пластик терезесін күштеп ашып кіріп, “Отау ТV” тюнерін, кілттер жинағын және бір дана пластикке арналған құрылғысын ұрлап кеткен. Кешке үйіне келген үй иесі ұрлық болғанын көріп, полицияға қоңырау шалған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді. ​

Департаменттің Кинология қызмет орталығының инспектор-кинологы Азамат Пазылов оқиға болған жерді дереу тексеруге кірісті. Сондай-ақ, іздеу жұмыстарына Лион атты тәжірибелі иттердің бірі қатысты. Зерттеу радиусы 500 метрге жетті. ​ ​ ​

Полиция көмекшісі Лион оқиға орнынан күдікті аяқ киім ізінің иісін алып, саяжайдың 11-көшесімен оңтүстіктен солтүстікке қарай 500 метр жүріп, атауы жоқ көшеден солға бұрылып, шығыстан батысқа қарай 300 метр із алып, қоршалмаған үй ауласынан күдікті адамды анықтады. Ол 32 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.​ Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

– Лион – кинологиялық орталықтағы ең қабілетті иттердің бірі. Күн сайын оқиға орнына, із-түзсіз жоғалған адамдардың іздерін іздеуге, есірткі мен жарылғыш заттарды іздестіру жұмыстарына қатысады. Арнайы үйретілген бұл қызметтік иттің арқасында пәтер ұрлығына қатысты күдікті ​ұсталды, – дейді Кинология қызмет орталығының бастығының міндетін атқарушы Азиз Арифов.

Жыл басынан бері қызметтік іздестіру иттерінің қатысуымен барлығы 101 қылмыс әшкереленді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру