Қызылордада сотталғандардың қолынан шыққан сыйлықтар бүлдіршіндерге табысталды
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемесінде тәрбиелік әрі қайырымдылық бағыттағы тағылымды шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара аясында мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтардың қолымен дайындалған ойыншықтар мен түрлі қолөнер бұйымдары тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларына тарту етілді. Қайырымдылық акциясының басты мақсаты – балаларға қуаныш сыйлау ғана емес, сотталғандардың қоғамға пайдалы еңбек арқылы оң өзгерістерге ұмтылуына мүмкіндік жасау.
Шара барысында бүлдіршіндерге жұмсақ ойыншықтар мен қолдан жасалған сыйлықтар табысталып, олардың жүздеріне күлкі ұялады. Балалардың шат көңіл-күйі мен ата-аналардың ризашылық сөздері мерекенің мәнін одан әрі арттыра түсті.
№37 мекемесі бастығының орынбасары Нұрлан Мұхтаровтың айтуынша, мұндай бастамалар әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеуге ықпал етеді.
– Балалар – еліміздің болашағы. Сондықтан олардың қуанышы мен жарқын күлкісі әрдайым басты назарда болуы тиіс. Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған бұл қайырымдылық шарасы мейірім мен қамқорлықтың жарқын үлгісіне айналды. Сонымен қатар мұндай игі істер сотталғандардың қоғамға пайдалы еңбек арқылы түзелуіне және әлеуметтік бейімделуіне оң әсер етеді, – деді Нұрлан Мұхтаров.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, қайырымдылық пен қамқорлыққа негізделген мұндай шаралар қоғамдағы ізгілік қағидаларын нығайтып, балалардың жүрегіне қуаныш сыйлаумен қатар, адамдар арасындағы жанашырлық пен жауапкершілік сезімін арттыруға қызмет етеді.
