Қызылордада жазасын өтеушілер арасында шығармашылық байқау өтті
Қызылордада жазасын өтеушілер арасында шығармашылық байқау өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеушілермен тұрақты түрде тәрбиелік жұмыстар жүргізіліп келеді. Осындай маңызды шаралардың бірі қауіпсіздігі барынша төмен №37 мекемесінде ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – сотталғандар арасында заң мен тәртіп қағидаларын насихаттау, олардың қоғамға деген көзқарасын оң бағытқа өзгерту.
Аталған іс-шараға мекемедегі барлық сотталғандар белсенді қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Жазасын өтеушілердің бірқатары өз ойларынан өлең шығарып, көпшілік алдында оқыды. Бұл олардың ішкі жан дүниесін ашып, өткен өміріне көз жүгіртіп, өз ой-толғаныстарын жеткізуге мүмкіндік берді.
Мекеме әкімшілігі мен жергілікті органдардан құралған қазылар алқасы жазасын өтеушілердің өнерін бағалап, үздік деп танылған үш жеңімпазды анықтады. Жеңімпаздар алдағы уақытта облыстағы басқа да қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтетін шығармашылық байқауларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
- Мен өлең шығаруды бұрыннан жақсы көремін. Бұл байқау мен үшін өз ойымды ашық жеткізуге үлкен мүмкіндік болды. Өз жанымнан шыққан өлеңді көпшілік алдында оқып, жеңімпаз атанғаныма қатты қуандым. Бұл мені алға жетелейді, өзімді дамытуға жігер береді, – дейді сотталған азамат.
Мұндай тәрбиелік іс-шаралар сотталған азаматтардың рухани дамуына оң әсерін тигізіп қана қоймай, олардың қоғамға қайта бейімделуіне де үлкен септігін тигізеді. Шығармашылық арқылы олар өз қабілеттерін дамытып, жаңа өмірге деген сенімін нығайта түседі.
