Қызылордалық полицейлер мас жүргізушілермен күресті жалғастыруда
Қазіргі уақытта Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы және Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері қала аумағында мас жүргізушілермен белсенді күрес жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жыл басынан бері жол – көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Абайлаңыз – балалар!» және т. б. іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде.
Облысымыз бойынша 12 ай көлемінде атқарылған жұмыстар нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 608- бабымен (автокөлікті масаң күйде басқарудың)-1119 дерегі, ҚР ӘҚБтК-нің- 596 – бабымен (қарсы бағытқа шығудың) – 448 дерегі анықталды.
Сонымен қатар, қазіргі таңда жүргізу құқығы жоқ бола тұра автокөлікті масаң күйде басқару деректері жиілеп орын алуда. Осыған дәлел жыл басынан ҚР ҚК-нің 346 – бабымен басқару құқығынан айырылған адамның масаң күйде көлік басқарудың 54 дерегі анықталды.
Мысалы, ағымдағы жылдың 28 желтоқсанында жергілікті уақыт бойынша сағат 22: 30-да қаланың орталық көшелерінің бірінде облыс орталығының 40 жастағы тұрғыны ұсталды. Аталған азамат соттың 26.12.2018 жылғы шешімімен көлік құралын жүргізу құқығынан 3 жылға айырылды, алайда ол көлікті мас күйінде қайта басқарып, басқа жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірді.
Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен, яғни көлік құралын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқару дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Бұл орайда, жол – көлік оқиғаларының алдын алу және оларды болдырмау мақсатында тәртіп сақшылары облыс тұрғындарының жолдағы жауапкершіліктерін күшейтуді сұрайды.