ШҚО-да "Ауладағы қабылдау" акциясының алғашқы күндерінде тұрғындармен 71 ашық кездесу өткізілді
Шығыс Қазақстан облысында "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында "Ауладағы қабылдау" республикалық акциясы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның басты мақсаты — тұрғындарға полиция қызметкерлеріне тікелей жүгінуге, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алуға және қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпке қатысты тақырыптарды талқылауға мүмкіндік беру.
Акцияның алғашқы екі күнінде халықпен 71 жиын ұйымдастырылды, оның ішінде 23-і қалаларда және 48-і ауылдық елдімекенде өткізілді. Кездесулерге 1 800-ден астам тұрғын, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен жұртшылық қатысты.
Ашық диалог барысында 128 өтініш пен ұсыныс түсті. Тұрғындар көбінесе қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігі, елдімекендерді абаттандыру және басқа да өзекті тақырыптарды көтерді. Әрбір өтініш бойынша қажетті түсініктемелер беріліп, қосымша қарауды талап ететін мәселелер жұмысқа алынды.
Акция барысында профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударылуда. Полиция қызметкерлері тұрғындарды қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелердегі жедел жағдай туралы хабардар етіп, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың, оның ішінде масаң күйде жасалатын әрекеттердің алдын алу шаралары, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы еске салады.
"Аулалардағы қабылдау" акциясы 26 шілдеге дейін жалғасады. Мұндай қарым-қатынас форматы азаматтардың өтініштеріне дер кезінде ден қоюға, халықпен өзара іс-қимылды нығайтуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.
