ШҚО-да полиция фестиваль кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етті
ШҚО-да полиция "Марқакөл – Шығыстың маржаны" фестивалінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
31 шілдеде өткен "Марқакөл – Шығыстың маржаны" фестиваліне өңірдің 500-ге жуық тұрғыны мен қонағы қатысты.
Марқакөл көлінің көркем жағалауы ауқымды мәдени шараның негізгі алаңына айналды. Мұнда 10 ұлттық киіз үй тігіліп, этноауыл құрылды. 20 қолөнер шебері өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып, келушілерге қызмет көрсету үшін 20 фудкорт жұмыс істеді.
Фестивальдің мәдени бағдарламасы айтыс пен поэзия кештерін, облыстың әр өңірінен келген шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуін қамтыды. Сондай-ақ "Made in KZ" тобының концерттік бағдарламасы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Іс-шараның қауіпсіз әрі жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері фестивальдің барлық алаңында қоғамдық тәртіпті күзетті.
Полиция қызметкерлері аумақты патрульдеп, жол қозғалысын реттеп, адам көп жиналған орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Қабылданған шаралардың және азаматтардың жауапкершілігінің арқасында фестиваль барысында төтенше жағдайлар мен қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ.
Жедел жағдай полиция қызметкерлерінің толық бақылауында болды.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті өңірде өтетін мәдени және бұқаралық іс-шаралар кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруда.
