Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да полиция "Open Air Sarybel" фестивалінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында өткен "Open Air Sarybel" мәдени-бұқаралық фестивалі барысында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыбел ауылында ұйымдастырылған ауқымды шараға өңірдің 5 мыңға жуық тұрғыны мен қонағы қатысты. Қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және фестивальдің кедергісіз өтуі үшін полиция бөлімшелері күшейтілген қызмет режиміне көшірілді.

Қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 70-тен астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Олардың қатарында жедел қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері, Самар және Күршім аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамы, сондай-ақ ШҚО полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының экипаждары мен Самар ауданының патрульдік полиция топтары болды.

Полицейлер іс-шара өтетін аумақта қоғамдық қауіпсіздікті бақылап, көлік қозғалысын реттеді, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын жүргізді және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қойды.

Сонымен қатар фестиваль аясында ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармаларының қызметкерлері профилактикалық жұмыстар ұйымдастырды. Тұрғындарға интернет-алаяқтықтан сақтану, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара барысында қатысушыларға арнайы ақпараттық жадынамалар таратылып, цифрлық қауіпсіздік пен жеке қауіпсіздік қағидаларын сақтау қажеттігі түсіндірілді.

Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде фестиваль жоғары деңгейде өтіп, қоғамдық тәртіптің бұзылуына және қандай да бір төтенше жағдайлардың орын алуына жол берілген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру