ШҚО-да қаза тапқан полицейлердің рухына құрмет көрсетілді
Шығыс Қазақстан облысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің рухына тағзым етуге арналған "Мәңгілік тағзым" акциясы жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы орайда полиция департаментінің алаңында ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Тағылымды шара құқық қорғау органдары қызметкерлерін ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында жанын қиған әріптестерінің ерлігіне құрмет көрсету мақсатында біріктірді.

Іс-шараға тергеу басқармасы мен анықтау басқармасының, криминалдық полиция басқармасының, профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының, сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект басқармасының қызметкерлері қатысты.
Қатысушылар қаза болған қызметкерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Осындай игі дәстүрді жалғастыра отырып, ШҚО-да полицейлер әріптестерінің ерлігі мен жанқиярлығына тағзым етеді. Олардың өнегелі өмір жолы Отанға және қызметке адалдықтың жарқын үлгісі болып қала береді.
