Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО полицейлері қолайсыз отбасыларды анықтауда

ШҚО полицейлері қолайсыз отбасыларды анықтауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

5 ақпанда “Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу іс-шарасы барысында Катонқарағай ауданының полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған 5 жасар және 3 айлық қыздары бар Үлкен Нарын ауылының 33 жастағы тұрғынын анықтады.

Тексеру барысында аталған отбасының Алтай ауданынан көшіп келгені анықталды. Тексеру кезінде үйге от жағылмаған және суық болған. Белгілі болғандай жағатын көмір де, ағаш та, азық-түлік те жоқ екен.

Тәртіп сақшылары дереу Катонқарағай ауданының қорғаншылық және қамқоршылық органының қызметкерлерін шақырды.

Кейін Катонқарағай аудандық учаскелік полиция инспекторы Катонқарағай аудандық қорғаншылық және қамқоршылық органының қызметкерімен бірге аталған отбасына қайта барған. Тексеру кезінде кәмелетке толмаған балалар қараусыз қалған, пештен шыққан улы газ үйді жайлап алған.

Одан әрі балалар Катонқарағай орталық аудандық ауруханасына орналастырылды. Кәмелетке толмаған балалардың анасы үйдегі барлық кемшіліктерді жойып, балаларын қайтадан алып кетті. Полицейлер әйелмен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, профилактикалық есепке қойды. Қазіргі уақытта Катонқарағай ауданының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға ұсыныс жолданды.

Сондай-ақ, 10 ақпанда “Құқықтық тәртіп” рейдтік іс-шарасы барысында Алтай ауданы ПБ ЖПҚБ ювеналдық полиция тобының қызметкерлері үш жас баласы бар отбасын анықтады. Бұл отбасы “қолайсыз отбасы” санаты бойынша есепке қойылды, ал балалар Жаңа Бұқтырма кентінің кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Кәмелетке толмаған балалардың 33 жастағы анасы ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және (немесе) білім беру, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Алтай ауданы әкімі аппараты жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру