Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте барлық блок-бекеттер алынды

Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес 1 маусымнан бастап Шымкент қаласындағы блок-бекеттер алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қаланың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері А.Тулебаевтың 30 мамырдағы № 19 Қаулысына сәйкес аудан, облысаралық жолаушылар қатынасына жол ашылды. Осы мақсатта 31 мамыр күні сағат 00:00-де Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов “Бадам” бұғаттау бекетіне арнайы барды.

Онда қала басшысы қаладағы 18 бұғаттау бекетінде 78 күн бұғаттау бекеттерінде тәулік бойы жұмыс жасаған Полиция департаментінің басшысы  Ералы Жумаханбетов басқаратын жеке құрамның еліміздегі коронавирус инцекциясымен күресуде қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Шымкент қаласындағы 18 бұғаттау бекеттері 200 арнайы көлік құралдарымен қамтамасыз етілді. 78 күні Полиция департаментінің 1000 қызметкері, уақытпен санаспай тәулік бойы өз міндеттерін атқарды. Маңызды объектілерді, медициналық мекемелер мен карантиндік аймақтарды күзетті. Қазіргі таңда, коронавирус инфекциясын алдын-алу және таралуын болдырмау мақсатында жалпы 158 арнайы автокөліктермен жабдықталып, 1912 қызметкерлер мен сарбаздар жұмыс жасады. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полиция мен Ұлттық ұлан жасақтары көшелер, саябақтар мен аулаларды, сауда нысандарына да бақылау жасады. Өзін-өзі оқшаулау және шектеу тәртібі полиция қызметкерлерінің жұмыс режимін күшейтті. Осы шаралардың арқасында Шымкенттегі қылмыс саны 42,8 пайызға төмендеді. Мұндай күшейтілген режимде полиция және ІІМ-нің өзге де құрылымдары алғаш рет жұмыс істеді.

Шымкент қаласына кіретін және шығатын бұғаттау бекеттерінде осы күнге дейін барлығы 220 711 автокөлік тексерілсе, оның 89 631 көлік құралдарының өтуіне рұқсат берілмеді. Ал арнайы “Сергек” базасына тіркелген 131 080 автокөлік қала ішінде еркін жүріп тұруына рұқсат берілді. Жүргізушілер мен жолаушылар саны –180 677 адамды құрады.

Бұғаттау бекеттерінде қызмет атқарған полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін 12 адамға қылмыстық іс-қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, ҚР Қылмыстық Кодексінің 378-бабы (билік өкілін қорлау)  – 4, 379-бабы (билік өкіліне бағындау) -3 және 380-бабы (билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша бес іс қозғалды. Бұл шаралардың барлығы тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бағытталды.Дегенмен, қалада коронавирус инцекциясын жұқтыру қауіпі әлі де жоғары. Сондықтан, тұрғындар санитарлық талаптар мен сақтық шараларын қатаң сақтауы қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру