Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте полицей түркиялық азаматқа жоғалған құжаты мен ақшасын тауып берді

Шымкентте учаскелік инспектор түркиялық азаматқа жоғалған ақшасы мен құжаттарын тауып берді. Шетелдік қонақ қазақ полициясына ерекше алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шетел азаматының әмиянын табу үшін түрік тілін меңгерген тәртіп сақшысына жарты сағат ғана қажет болды.

Мегаполис қонағы Унсал Йылдырым Әл-Фараби ауданының полициясына жүгінген. Ол ішінде ақша, банк карталары мен құжаттары бар әмиянынан айырылып қалғанын жеткізді. Түркиядан іссапармен келген ер адам мүлкін таксиде қалдырып қойған екен.

Аталған хабарлама бойынша жедел іс-шараға Азамат Жақсыбек кірісті. Инспектор ер азаматтан оқиға туралы егжей-тегжейлі сұрастырып, оның қозғалыс бағыты мен қажетті ақпаратты алды.
Нәтижесінде такси жүргізушісі бейнебақылау камераларының көмегімен анықталды. Тасымалдаушыға болған жайт туралы хабарланып, мүлік иесіне қайтарылды.

– Қазақ полициясына үлкен алғыс, әмиянымды тез арада тауып берді. Көп рақмет, – деп ризашылығын білдірді ыстамбулдық азамат.

– Учаскелік полицейге бекітілген аумақта болған жайттардың барлығы оның жауапкершілігінде. Шақыртуларға ең алғаш болып ден қоятын біз болғандықтан, азаматтардың мәселелерін қысқа мерзімде шешу үшін оларды толыққанды түсініп, жағдайларына кіру қажет. Сондықтан да бұл қызметте жан-жақты дамыған тұлға болу өте маңызды, – деп бөлісті офицер.

Атап өтсек, бұған дейін жедел уәкіл болып жұмыс атқарған Азамат учаскелік инспектор қызметінде екі айдай уақыт ғана. Осыған қарамастан, ол өз учаскесінің тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнатып үлгерген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру