Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте үздік анықтаушы анықталды

Шымкенттік Рысдәулет Нұрашев ҚР ІІМ-нің 2020 жылғы үздік анықтаушысы атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы анықтау бөлімінің аға анықтаушысы Рысдәулет Нұрашев ҚР Ішкі істер министрлігінің 2020 жылғы үздік анықтаушысы атанды. Қызметте кәсіби шеберлігімен көзге түскен сала үздігі ҚР ІІМ-нің “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен наградталды.

Тәуелсіздіктің төл құрдасы Рысдәулет Бекасылұлының толағай табысы Шымкент қаласы Полиция департаменті үшін үлкен мақтаныш. Полиция аға лейтенантын Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Ергешов қабылдап, сала үздігін арнайы марапаттады.

Анықтау жұмысы полициядағы жауапкершілігі жоғары жұмыс болып табылады. Орын алған қылмысқа байланысты барлық материалды жинап, куәгерлер мен жәбірленушілерден сұрастырып, ең бастысы күдіктіні айнытпай тауып, заң арқылы жауапқа тартылуын қадағалау үшін заңгер де, психолог та, сарапшы да бола білу қажет-ақ.

Осы сынды қасиеттерді бойына тоғыстырған сала үздігі – Рысдәулет Нұрашев 1991 жылы Түркістан облысы,Төлеби ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін және Шымкент қаласындағы Қазақстан Халықтар Достығы инженерлік-педагогикалық университетінде білім алған азамат жастайынан құқық қорғау саласында еңбек етуді мақсат еткен. Болашаққа нақты жоспар қоя отырып, қызметтік сатыда тәжірбие толықтырып білікті полицей атануға күш-жігерін жұмсаған.

– Анықтаушылардың алға қойған қызметі мен негізгі міндеттері, қылмыстық құқық бұзушылықтарды тез әрі толық тергеп-тексеріп, кінәлілерді әшкерелеп, қылмыспен келтірілген шығынды өндіру үшін шаралар қабылдап, заңдылықпен құқықтық тәртіптің нығаюына үлес қосу, – дейді полиция аға лейтенанты.

Рысдаулет Бекасылұлының өндірісінде 2020 жылы жалпы 160 қылмыстық іс болған. Қызметтегі ерекше кәсібилігінің арқасында өз әріптестерінен ерекшеленген анықтаушы осылайша үздік атанған. Ал биыл жыл басынан өндірісінде 85 қылмыстық іс болған. Оның 58-і сотқа жолданып, екі іс мерзімі үзіліп, 16 қылмыстық іс тоқтамға алынған.Аса қажетті айғақтарды табу арқылы қылмыскерлерді “ізін суытпай” ұстайтын анықтаушы күрделі мамандықтар санатында. Дегенмен, әрбір анықтаушының адал да жанкешті еңбегі құқықтық тәртіпті нығайту мен заңды орындауға бағытталған!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру