Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Солтүстікқазақстандық полицейлер автожолдардағы апаттық-қауіпті учаскелердің картасын жасады

Солтүстікқазақстандық полицейлер автожолдардағы апаттық-қауіпті учаскелердің картасын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол қозғалысы қауіпсіздігінің айлығы аясында апаттылықты бағалау және талдау нәтижелері бойынша солтүстікқазақстандық полицейлер автожолдардың 14 қауіпті учаскесі көрсетілген карта жасады. Мәлімет бойынша, СҚО-да Челябі-Новосібір тас жолының 465-тен 655 км-ге дейінгі бөлігі өте қауіпті саналады. Мұнда жыл басынан 13 жол-көлік оқиғасы орын алып, 3 адам көз жұмды, 29 адам жарақат алды. Жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жылдамдық режимін асыру, арақашықтықтың сақталмауы, жүргізушілердің шаршауы салдарынан орын алды.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшылығы айтуынша, еңбек демалысы кезеңінің басталуына байланысты қала сыртындағы жолдарда көлік легі арта түскен. Адамдар отбасыларымен алыс жолға шығып, басқа қалаларға, мемлекеттерге барады. Кейбірі құрамында бірнеше көлік болып жиналып, елді мекендерге жол тартады.

– Көлік тізгініне шаршаңқы немесе ұйқы қанбаған күйде отыруға болмайды. Сондай-ақ, жүргізушілер орнатылған жол белгілеріне назар аударуы, белгіленген жылдамдықты асырмауы және арақашықтықты сақтауы тиіс. Жарық шамдарының жұмысын қарап отыруды ұмытпаңыз. Тәуліктің қараңғы кезінде және жаңбырлы ауа райында жол қозғалысының басқа қатысушыларына бірден көрінесіз. Жолға шығарда автокөліктің техникалық жағдайын тексеріп, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Қауіпсіздік белдігі мен арнайы балалар орындығын пайдалану қажет, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.

Жыл басынан республикалық маңыздағы автожолдарда 39 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 11 адам қайтыс болып, 83 адам түрлі жарақаттар алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру