Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сотталғандардың қоғамға тез бейімделуіне психолог мамандардың көмегі зор

Ақтөбеде есепте тұрған сотталғандарға психологиялық тұрғыда әлеуметтік бейімдеуге арналған қабылдау ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сотталғандардың қабілеттеріне сенімді болуы, қоғамға тез бейімделуі және отбасында мәселелер туындаған жағдайда оларға психолог мамандармен көрсетілетін көмектің маңызы зор.

Жуырда Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің бөлімі аудандық аурухананың психолог маманы Жаналтын Молдашевамен бірлесіп, есепте тұрған сотталғандарға психологиялық тұрғыда әлеуметтік бейімдеуге арналған қабылдау ұйымдастырды.

Пробация қызметі ұйымдастырған психолог мамандардың көмегіне жүгінгендер арасында “сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу” бабымен үш жылға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталған азаматша Ж. болды.

Сотталған Ж.-мен әңгімелесу кезінде, ол психолог мамандарға отбасылық мәселелерін және қылмыстық іске тартылған кезінде үлкен күйзеліске түскенін айтты. Осы ретте сотталған азаматшаға тиісті психологиялық көмек көрсетілді.

Жалпы, өткен 2020 жылы Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің бөлімінде тұрған үш есепте тұрған сотталғанға психологиялық көмек көрсетілсе, биыл жыл басынан бастап бір есепте тұрған азамат аталған көмек түріне қол жеткізе алды.

– Тәжірибемізде Пробация есебіне тіркеуге алынған сотталған азаматтардың ішінде отбасынан жылу таппай, күйзеліске түсетіндері жиі кездеседі. Осындай кезде ондай азаматтардың өзіне деген сенімділігі жоғалады. Әрине, мұндай жағдайда сотталған азаматтарға психолог маманның көмегі ауадай қажет. Себебі, үнемі күйзелісте жүрген сотталған азаматтар сұрақтарына тиісті жауап таба алмаған кезде қайта қылмысқа баруы әбден мүмкін.
Осы ретте психолог мамандар күйзеліске түскен сотталған азаматтарға арналған түрлі тренингтер өткізіп, тренинг барысында заманауи ғылыми формалар мен әдістерді қолданады. Бұл кезде есепте тұрған азаматтардың әрқайсысы психолог мамандарға өздерін мазалаған кез-келген сұрақпен жүгіне алады. Қорыта айтқанда, сотталғандардың түзелуіне, қоғамға қайта бейімделуіне психолог мамандардың тигізер көмегі зор, – дейді Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің аға инспекторы Гулсезім Ешмагамбетова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру