Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Спортшылар әулетінен шыққан қайсар қыз

Жамбыл облысының Полиция департаментінде спортшылар әулетінен шыққан қайсар қыз қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметі – қиындығы аз емес мамандықтардың қатарына жатады. Аталған салада қызмет етуге кез-келген жанның жүрегі дауаламасы анық. Дегенмен, полиция қызметінің халық алдында мәртебесін арттыру мақсатында аянбай еңбек етіп жүрген ер азаматтар жетерлік.
Ал, бүгінгі тақырыбымыз полиция қатарында қызмет атқарып жүрген нәзік жан иесі, дзюдо спорт түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Тараз қаласы Полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы Балнұр Қиялбекова жайлы болмақ. 

Жастайынан спорт десе ішкен асын жерге қоятын Балнұрды, әкесі Амангелді спорт мектебіне жетелеп алып барған. Иә, бұл жағдай аталған отбасы үшін таңсық нәрсе емес еді. Себебі Балнұрдың ағасы – қазақша күрес, самбо спорт түрлерінен спорт шебері әрі халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай дөңгелесе, соңғы дөңгелегі де солай домалайды демекші, Балнұрдан кейінгі сіңлісі спорттың “Джиу-джитсу” түрі бойынша спорт шебері болса, екі бірдей інісі беделді боксшылар қатарында.

Балнұрдың аулетінде спортқа бейім болу әкесінің қанымен, анасының сүтімен берілсе керек, әкесі бокспен шұғылданса, анасы гимнастикамен айналысқан.

Бүгінгі күнге дейін дзюдомен шұғылданған Балнұр, Қазақстаннан өзге Ресей, Туркия және тағы басқа алыс-жақын елдердегі жарыстардан жүлделі оралған. Қорыта келе Әлия, Мәншүк және Сәбира батыр апаларының жолын қуған қайсар, ер мінезді қыз – ұжым арасында сыйлы, беделді қызметкер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру