Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО аудандарының бірінде полицейлер алаяқтықтың алдын алуда ерекше әдістерді пайдаланып жатыр

СҚО аудандарының бірінде полицейлер алаяқтықтың алдын алуда ерекше әдістерді пайдаланып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО Мамлют ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері “Hi-Tech” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен және мамлюттік мәдени орталықпен бірлесіп, аудан орталығының тұрғындары үшін ерекше киносеанс ұйымдастырды.

Ауылды жердің тұрғындары үлкен экранда отандық “Мошенники” деп аталатын шағын сериалды көруге мүмкіндік алды. Фильмде қаскөйлердің адамдарды алдап-арбау әдістері мен тәсілдері көрсетіледі. Олардың психологиялық айлаларына тұрмыс жағдайы төмен адамдар ғана емес, тіпті дәулетті адамдардың өздері де алданып қалатыны да суреттеледі. 5 сағаттық сериалды мәдени орталықтың қызметкерлері жинақтап, монтаждаған.

– Көрсетілім алдында полицияға ақпараттық жұмыстарды жүргізуде көмектесіп жүрген аудандықтың әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысы Алмагүл Рамазанова, мәдени іс-шараларды ұйымдастырушы Шамиль Әміров, жастар ресурстық орталығының директоры Елхан Бименді, журналист Светлана Крутоус пен “Такси.kz” қызметінің жетекшісі әрі жол-көлік оқиғаларының алдын алуға белсенді қатысып жүрген Шамиль Жұмағұлов сияқты бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табысталды. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері көрермендерге жадынамалар таратты, – дейді аудандық ПБ бастығының міндетін атқарушы Иса Мұстафин.

Сериалды тамашалауға 208 адам келді. Олардың айтуынша, сериалдың көрсетілімі өте жақсы ұйымдастырылған. Көрермендер бүгінгі таңдағы өзекті тақырыптардың бірі – алаяқтық туралы естігенмен, танымал актерлардың орындауындағы фильмді көруден ерекше әсер алған. Полицейлер осындай киносеанстарды басқа аудан орталықтарында да өткізуді жоспарлап отыр.

Жыл басынан Мамлют ауданында 8 алаяқтық фактісі тіркелген, оның бесеуі интернет арқылы жасалған. Аталған қылмыс түрінің алдын алу – полиция жұмысының басым бағыттарының бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру