Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да 80-ге жуық полицей шағын футболдан жарысты

СҚО-да 80-ге жуық полицей шағын футболдан жарысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан полициясының 30 жылдығын мерекелеу аясында СҚО ПД Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының қызметкерлері “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының филиалымен бірлесе отыра, СҚО ПД аппараты қызметкерлері арасында шағын футболдан турнир өткізді.

Футбол алаңында түрлі бөліністердің атынан 11 команда сайысты. Ішкі істер органдарының ардагерлері де қалыс қалмады. Екі күндік тартыс барысында командалар мықтыларды анықтады. Финалдық кездесуде чемпион атағы үшін Полиция департаменті патрульдік полиция батальоны мен автошаруашылығының командалары кездесті. Бұл кездесуде батальон қызметкерлері жеңімпаз атанды. Үшінші орын Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының командасына бұйырды.

Турнир ұйымдастырушылары үш номинация тағайындады. “Үздік қорғаушы” номинациясында полиция сержанты Мерей Әділжанов, “Үздік қақпашы” номинациясында ІІО ардагері Айдар Қалижанов, “Үздік ойыншы” номинациясында полиция майоры Ерлан Қабдуәлиев марапатталды. Барлық жүлдегерлер аппараттық кеңесте дипломдармен және кубоктармен марапатталды.

– Мұндай іс-шаралар бірлік пен ұйымшылдық сезімін көрсетуге мүмкіндік береді. Алға қойылған міндеттерді орындау үшін полиция қызметкерлері әрдайым төзімді, шыныққан болуы тиіс, департамент басшылығы қызметкерлердің шынығуына ерекше назар бөледі, – деп атап өтті СҚО Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру