Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да автомобиль маралды соғып кетті

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында “Skoda Superb” автокөлігі жол үстінде кенеттен пайда болған маралды соғып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол-көлік оқиғасы тамыздың 14-не қараған түні 00 сағат 10 минут шамасында Бескөл кенті маңындағы Нұр-Сұлтан – Петропавл автожолының 44 шақырымында орын алған. Жүргізуші, 40 жастағы астаналық зардап шеккен жоқ. Машинасына зақым келді, оны эвакуациялау үшін арнайы техника шақыртуға тура келді. Жануар оқиға орнында жан тапсырды.

– Осындай жағдай болып тұрады, – дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Ерлан Мадиев. – Жүргізушілерге әсіресе түнгі уақытта жолда қырағылық танытып, жылдамдық режимін сақтау қажеттілігін естеріңізге саламыз. Көліктің фарасының жарығынан жануарлар сасқалақтап қалады. Әсіресе, орман маңындағы жолдарда абай болу керек. Мысалы, СҚО-да Тоқшын, Асаново, Полудино ауылдарының маңындағы Челябі-Новосібір, Чириковка аулының жанындағы Петропавл-Жезқазған жолдарында сақ болған жөн.

Биылғы жылы СҚО-да жабайы жануарларды соғып кетумен байланысты екі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Екі жағдайда да жолда келе жатқан көліктердің алдынан еліктер шыға келген. Сондай-ақ, полицейлер қаңғырып жүрген малдардың да автомобилистер үшін қауіп төндіретінін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру