Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер су қоршауында қалған ауыл тұрғындарына көмектесіп жатыр

СҚО-да полицейлер су қоршауында қалған ауыл тұрғындарына көмектесіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тасқын салдарынан Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданындағы Шағырсай ауылының судың қоршауында қалғанына бес тәуліктен асқан. Ауылда 30 үй бар, дүкен жоқ. Жақын орналасқан Ақтүйесай ауылына апаратын жолдың үстін 150-200 метрге жуықтайтын су басқан. Бұл жерді полиция қызметкерлері күні-түні кезек-кезекпен бақылауға көшті.

Шағырсайлықтар азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алуы үшін учаскелік полиция инспекторы Нива автокөлігімен терең судың ішімен олардың арлы-берлі өтуіне көмектесті. Полицейлер аудандық ауруханадан ем алып шыққан тұрғынды да осылай өткізді.

– Ақтүйесай ауылдық округінің әкімімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ Toyota Highlander автокөлігімен адамдарды өткізуге жергілікті тұрғын Жәнібек Жүнісов, тракторлары бар Ерлан Ысқақов пен Серік Тілеубердин де көмектесіп жатыр. Олар жуық арада жолдың үстіне қосымша заттар төгіп, нығайтуды жоспарлап отыр, – дейді учаскелік полиция инспекторы Талғат Байменов.

Бұдан бөлек, полиция қызметкері Байменовтың айтуынша, тракторлары бар жергілікті тұрғындар Владимир Косинов пен Аслан Сихимов та жолды түзеуге көмектесіп жатыр. Су тасқынының күшін бәсеңдету үшін ауыл тұрғындары да белсенді атсалысуда.

Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр, медицина қызметкерлерімен де үнемі байланыста. Тәртіп сақшылары құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Шұғыл көмек қажет болған жағдайда су басып жатқан учаскелер арқылы өтерде көмек көрсетуге дайын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру